«Шетелдік білім алу: мүмкіндіктер және болашағы»
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 25-жылдығына және мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының 30-жылдығына орай 14 қараша күні білім ордасының «Тілдесу алаңы» платформасында «Шетелдік білім алу: мүмкіндіктер және болашағы» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылды. Шараны педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор С.М.Бахишева модератор ретінде ашып, келген қонатармен таныстырды.
Шараға «Болашақ» халықаралық стипендиясымен алыс-жақын мемлекеттерде білім алып келген оқу орнымыздың түлектері, арнайы шақырылған қонақтар және студенттер қатысты.
Тілдесу алаңында БҚИТУ түлегі, 2019-2021 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның «Стратклайд» университетінде «Жобаларды басқару және инновация» мамандығы бойынша білім алған, бүгінде Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқаратын Мирболат Нұржанов, АҚШ-тың Огайо штатында білім алған философия ғылымдарының докторы (PhD), БҚИТУ аға оқытушысы Екатерина Тихонюк, «Болашақ» Қауымдастығының Батыс Қазақстан облысы бойынша төрайымы Салтанат Тұманбаева, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшының міндетін атқарушы Айгүл Туркина студенттермен мағыналы-мазмұнды сұхбат құрды. Спикерлер елімізде адами капиталды дамыту, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары мамандар даярлау бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Бүгінде әрқайсысы әр салада жемісті еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген университеттің мақтан тұтар түлектері «Болашақ» – қарапайым қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтіп, әлемнің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама» деген пікірде. Жалпы, кез келген талапкердің «Болашақ» стипендиясын жеңіп алуға мүмкіндігі бар екенін айтқан спикерлер студенттердің ол үшін қандай қадамдар жасауы қажет, кімнен қандай кеңес алған жөн, іріктеуден өту барысында нені басшылыққа алу керек деген сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңестерін берді.


